Жаңа жыл қарсаңында Ақмол ауылында Целиноград аудандық Аналар кеңесінің және ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық Аналар кеңесінің форумы өтті.
Мұндағы мақсат: ауылдық округтердегі Аналар кеңесі мүшелерінің жыл көлемінде атқарған жұмыстарын қорытындылап, алдағы атқарылатын іс-шараларды талқылау.
Шараға аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Зәуре Балуанқызы Қақабаева, ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Жанар Еркінқызы Байділдина, Аналар кеңесінің және қыздар клубының мүшелері қатысты. Қақабаева Зәуре Балуанқызы кеңестің атқарған жұмыстары туралы баяндап, отбасындағы зорлық-зомбылық, оның қоғамға тигізетін зардабы туралы әңгімеледі. Жалпы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе ұлттық құндылықтарды негізге ала отырып, ел бірегейлігін нығайтуға, әділетті қоғам құруға білімді, адал ұрпақты тәрбиелеуді көздейтін «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының бағыттарына тоқталды.
Аналар кеңесі – айрықша құрылым, ол тек қана ел азаматтары арасындағы бейбітшілік пен келісімді сақтап қана қоймай, отбасылық құндылықтарды нығайтуға оң ықпал етеді. Отбасы – адамның тірегі, қолдау табатын орны. Бүгінде аудандағы Аналар кеңесінің мүшелері өңірде жемісті жұмыстар атқаруда. Оның ішінде отбасылық құндылық, құқықтық сауаттылықты арттыру, кәсіпкерлік бастамаларға үйрету, қоғамдық патриоттық іс-шаралар ұйымдастыру — осы Аналар кеңесінің жемісті еңбектерінің нәтижесі.
Форум барысында осы уақытқа дейін жемісті қызмет атқарған Аналар кеңесінің төрайымы Зәуре Балуанқызы Қақабаеваның орнына Қараөткел ауылдық округі Аналар кеңесінің төрайымы Ақмамбетова Айнаш Бекбайқызы сайланды. Зәуре Балуанқызы кеңес ашылған күннен бастап, аналардың басын қосып көптеген іс-шаралар атқарып, отбасы құндылығын дәріптеуде айтарлықтай жұмыс атқарып өзгелерге үлгі көрсете білді.
Жемісті еңбек жылдармен келеді, қоғамдағы әйел-аналардың рөлін арттыру Аналар кеңесінің міндеті болғандықтан, аталған кеңес алдағы уақытта да көптеген іс-шаралардың ұйтқысы болады деп сенеміз.