Халықтық штаб өкілдері ассамблея мүшелерімен атом энергертикасының тиімділігі турасында пікір алмасты
Кездесуде жергілікті қауымдастық өкілдері атом станциялары өндіретін электрдің тарифтері мен құрылыс барысы, онда қамтылатын жұмыскерлер саны жайында ақпарат алып, пікірін ортаға салды.
Сыр елі өзінің қазақы ортасы мен ұлттық салт-дәстүрлерді ұстанған аймақ ретінде көпшіліктің таңдайын қақтырған. Өңірімізде тұратын түрлі этнос өкілдерінің айрандай ұйыған татулығы баршаға үлгі.
Алдымызда тұрған үлкен саяси науқан – жалпыхалықтық референдумда да жұдырықша жұмылып, Мемлекет басшысының маңызды бастамасын қолдайтынын жеткізген ассамблея мүшелері атом энергертикасының тиімділігі турасында өздерінің пікірін білдіріп жатыр.
«Сыр елі қашан да қазақы қаймағы бұзылмаған, өзінің азаматтық ұстанымы бар өңірлердің қатарынан табылып келеді. Осында өткен кездесулерімнен халықтың бірлігінің мығым екенін анық байқадым. Өздеріңізге мәлім, алдымызда тұрған референдумға атом станциясының құрылысының керек немесе керек еместігі анық болмақ. Мемлекет басшысы бұндай маңызды қадамды халықпен ақылдаса отырып, жүзеге асыруға шешім қабылдады. Жалпы, атом энергетикасына байланысты түрлі пікір бар. Адам болған соң, қоғам болған соң сан алуан пікірлердің болары заңдылық. Дегенмен, өздеріңіз ендігі атом энергетикасының тиімділігі мен ел әлеуетіне берер пайдасы жайлы толық ақпарат алған боларсыздар. Сондықтан, маңызды қадамды бірге жасайтынымызға сенім мол», — деді кездесуде штаб мүшесі Қарақат Әбден.
Ал «Жасыл энергияның» маңыздылығына тоқталған штаб мүшесі Мұрат Ергешбаев: «Кез-келген жерде жергілікті қауымдастықтың пікірі маңызды. Бүгінде бірнеше көршілес мемлекеттер атом станцияларының құрылысын бастауға бел буып отыр. Біздің елде 1967 жылы қолданысқа берілген бірнеше реакторлар жұмыс жасауда. Кадр әлеуеті де жеткілікті. Бірақ, оның қауіпсіздігіне де көңіл аудару қажет. Бұл тұрғыда халықаралық «МАГАТЭ» ұйымы еліміздегі реакторлардың жұмысын ұдайы бақылап отырады. Осы жылдар ішінде біздің елге ұйым тарапынан қандай да бір қарсы пікірлер түспеген. Демек, отандық мамандар өз ісінің шеберлері», — деді.
Кездесуде жергілікті қауымдастық өкілдері атом станциялары өндіретін электрдің тарифтері мен құрылыс барысы, онда қамтылатын жұмыскерлер саны жайында ақпарат алып, пікірлерін ортаға салды.
Қызылжарма тұрғындары Халықтық штаб өкілдерінен АЭС төңірегіндегі сауалдарына жауап алды
Ауыл халқы қашан да ел үшін өзекті бастамалардың жанынан табылып, мәселенің тиімділігін талқылап жүреді. Сонымен қатар, ауылды гүлдендіру бағытында елімізде ілкімді істер атқарылуда. Мемлекеттік бағдарламалардың дені осы ауыл халқына арналған. Оның ішінде шағын кәсіпкерлікті дамыту, жұмысқа орналасу, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамыту жобаларының бірнешеуі іске асырылуда. Сондықтан, қандай да бір маңызды мәселені ең алдымен елдегі көнекөз қарияларымен, ауыл тұрғындарымен талқылап, пікірін білу игі дәстүрге айналды.
Бүгінгі кездесуде Халықтық штаб өкілдері Мұрат Ергешбаев пен Қарақат Әбден ауыл тұрғындарына атом энергетикасының тиімділігін түсіндірді.
Қазіргі таңда электр энергиясының оңтүстік өңірлерде жетіспеушілігі байқалуда. Сонымен қатар, электр қуатын қалалықтармен қатар ауылдағы ағайын да көп тұтынуда. Себебі, өндіріс, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіптердің дені ауылдарда орналасқан.
Тұрғындармен жүздесуде штаб мүшесі Мұрат Ергешбаев атом энергетикасының әлемдік тәжірибелерін баяндап, еліміздегі ядролық физика саласының жеткен жетістіктеріне тоқталды. Сонымен қатар, әлемдік аренадағы ірі державалардың атом саласындағы ашқан жаңалықтарымен, қазіргі атом станцияларының жаңа буыны жайлы түсіндірді.