Мәдениет

«Ботай-Бурабай» этнографиялық музейі

Ашық аспан астындағы бұл қоныс Бурабайдың Жекебатыр тауының етегінде орналасқан. Нысан жеті бөліктен тұрады. Әрқайсысының өзіндік орны бар. Әрі бір-бірімен жерасты өткелдері арқылы жалғасқан. Онда осыдан 6 мың жыл бұрынғы Ботай мәдениеті қонысының көшірмесі қойылған.

Қоныстың іші келушілерді таңқалдырмай қоймайды. Себебі, әр бөлмеге археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған Ботай мәдениетіне тиесілі жәдігерлер, яғни сол дәуірде қолданылған тұрмыстық заттар қойылған.

Музей экскурсоводының көмегімен кешенді аралап, ондағы әр бөлменің тарихымен танысып шықтық.
Бірінші бөлме кіреберіс бөлмесі. Жалпы, үйге кірген кез келген адам оның формасы мен төбесіне зер салады. Диаметрі 8-10 метр болатын тұрғынжай қыш пен тастан және мал мен аңдардың сүйегінен салынған.
Келесі бөлме – негізгі тұрғынжай.

Айта кетейік, үйдің едені 1 метрге дейін тереңдікте қазылған. Ал төбесі шағын бөренеден қаланған. Бұрынғы заманда өмір сүрген адамдар үйдің уақыт өте келе отырып, құлап қалуы мүмкін екенін білген. Тұрақтылық үшін қысқа ағаштан салған.

Үшінші бөлме – әкімшілік-шаруашылық бөлмесі. Археологиялық қазба және ғылыми жұмыстардың нәтижесінде Ботай қонысының өкілдері сүйек, тас, терімен бірге, керамикамен жұмыс істей білгені дәлелденді.

Олар сол кездің өзінде тас пен сүйектен бөлек, тері мен ағашты өңдеп, тұрмыстық заттар жасай білген. Заттардың арасында қазба кезінде табылған тастар бар. Оны негізінен теріні илеу үшін пайдаланған.

Төртінші тұрақ — жатын бөлме. Бөренеден жасалған кереуеттің үстіне шөп төсеп, жылқының терісімен жапқан. Жатын бөлмеде саты қойылған.

Үйдің басты бөлмесі – тайпа көсемінің бөлмесі. Бұл бөлмеге апаратын жол тар, ең басты ерекшелігі – кіретін есіктің маңдайшасы төмен орналасқан. Яғни, бөлмеге кіру үшін адамға еңкеюге тура келеді. Бөлмеге кірмей жатып-ақ адамдар еңкейіп көсемге құрмет көрсеткен. Мұражайдың жетінші бөлмесі қымызхана деп аталады.

«Қазақ жылқысының тарихы» атты ірі энциклопедиялық кітаптың авторы, белгілі этнограф ғалым Ахмет Тоқтабай қазақ жері жылқының отаны екенін ежелгі Ботай қонысы арқылы айта келе, скиф-сақ, ежелгі ғұн-түркі-қыпшақ дәуіріндегі жылқы туралы құнды мағлұматтар тегіс көне дүниенің телегей-теңіз тарихы мен жорықтары, халықтар қақтығысы, әдет-ғұрыптар мен рухани үстемдіктердің текетіресі екенін түгін қалдырмай баяндайды.

Өйткені жылқы тарихы – адамзат өркениетінің қақтығысы. Ботай біз үшін ежелгі адамдар қонысы ғана емес әрі төл тарихымыздағы сабақтастықты төрткүл дүниеге жарқыратып шығарған құнды ескерткіш болып табылады. Бүгінде Ботай ЮНЕСКО-ның тізіміне алынып, мұнда табылған археологиялық жәдігерлер саны 120 мыңнан асты.

Қазақтың қиыр даласының бір төсінде Жер-ананың бауырында тұмшаланған ежелгі адамдар қонысы – Ботай қорымы қазақ тарихына даңғыл жол салды. Ботай қонысы бүгінгі күні археологияның бренді болып саналады.

Әзірлеген Роза Қадіржан.
Бурабай ауданы.

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button