Заң және Қоғам

Биыл Ақмола облысында әлеуметтік көмек жүйесі жаңартылады

Биылғы жылы Ақмола облысында әлеуметтік көмек көрсету жүйесіне маңызды өзгерістер енгізілді. Олардың бастысы – атаулы әлеуметтік көмек шарттарының жаңаруы. Бұл туралы Ақмола облысы жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Мұхамедин Ерлан брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек алудың жаңа шарттары күшіне енді. Бұған дейін көпшіліктің сұрақтары мен түсініспеушілігіне ұшыраған әлеуметтік көмек көрсету механизмі айтарлықтай өзгерді. Енді аз қамтылған отбасылардың табысы медиандық табыстың 35%-ына дейін төмен болуы қажет. Бұл көмек тек қиын жағдайда қалған және нақты мұқтаж отбасыларға ғана беріледі.

Айта кетерлігі, 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек алу үшін отбасыларға жұмысқа орналасу міндеті қойылады. Бұл шарт еңбекке жарамды не болмаса жарамсыз мүшесі бар отбасылар үшін қолданылады.

Әлеуметтік көмек алу үшін отбасыларға әлеуметтік келісімшарт жасау қажет. Бұл келісімшартта жұмысқа орналастыру шаралары, кәсіпкерлік бастамаларды дамыту және басқа да әлеуметтік қызметтер қамтылады. Мысалы, 2024 жылы Ақмола облысында 1 762 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды, олардың 60%-ы қалада, ал 40%-ы ауылдық жерлерде тұрады. АӘК алғандардың 65%-ы балалар, 14%-ы жұмыс істейтін азаматтар, ал 13%-ы зейнеткерлер мен мүгедектер.

“Жалпы, осы жылдары облыста 6 мыңнан астам еңбекке жарамды адам АӘК алып, олардың 74%-ы тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Бұл көрсеткіш жұмыссыздықты азайтуға және азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпал етті”-, деп толықтырды спикер.

2023 жылы Ақмола облысында «Цифрлық карта» жобасы іске қосылды. Бұл жүйе облыс бойынша әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларды нақты анықтауға мүмкіндік беріп келеді. Осылайша, көмек көрсету шаралары тек мұқтаж отбасыларға ғана бағытталып, әлеуметтік көмектің тиімділігі артып келеді.

Биылдан бастап, Ақмола облысының зейнеткерлеріне арналған жаңа әлеуметтік көмек түрлері қосылады. Оларға санаторлық-курорттық емделуге арналған 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлемдер беріледі. Сонымен қатар, Көкшетау қаласының зейнеткерлері мен Бурабай ауданындағы қарттар үшін қоғамдық көлікте тегін жол жүру мүмкіндігі қарастырылған.

Ерлан Мұхамедин атап өткендей, әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру арқылы облыс тұрғындарының өмір сапасы жақсарады. Оның айтуынша, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау шаралары тек қаржылық көмекпен шектелмей, еңбекке орналастыру және кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға бағытталған.

Әлеуметтік көмек тек қаржылық көмекпен шектелмей, еңбекке орналастыру, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, санаторлық-курорттық емделу сияқты жаңа мүмкіндіктерді қамтиды. Бұл өзгерістердің нәтижесінде облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жақсарып, жұмыссыздық деңгейі төмендейді деген үміт бар.

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button