«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңының 17-бабының 2-тармағына, 23-бабының 5-тармағына және Целиноград аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2024 жылғы 8-мамырдағы №29/2 «Целиноград ауданының Тасты ауылдық округі әкімін сайлау туралы» қаулысына сәйкес, ағымдағы жылдың 21- шілдесінде Тасты ауылындағы №662 сайлау учаскесінде кезекті сайлау науқаны өтуде. Осындағы клуб үйінде өтіп жатқан сайлау пунктіне келушілердің қатар көп. Сайлау комиссиясының төрағасы Досжанов Қанат Мұратұлының айтуынша, таңғы сағ 7:00-ден бастап сайлаушылар ағыла бастаған. Алғаш келгендерге тапсырған сыйлықтары да бар. Біз барған уақытта қарт ана Баттақова Бағдат Ғабдужәлелқызы дауыс беріп шығып келеді екен. Осы арада дәл туған күнінде дауыс беруге келген ауыл тұрғыны Брюхова Наталья мен алғаш рет осындай науқанға қатысып отырған 18 жастағы Көшек Аяна Сәрсенғалиқызы да арнайы сыйылықтарды иеленді. Бір сөзбен айтқанда, бұл жерден мерекелік көңіл-күйді аңғардық. Қазіргі кезге дейін 90-ға жуық адам дауыс беріп үлгерген. Жалпы сайлаушылар саны - 479 адам. Сайлау әлі де жалғасуда. Р. ҚАДІРЖАН, өз тілшіміз. Тасты.