Бейжіңде жасөспірімдерге коронавирусқа қарсы 1 млн дозадан астам вакцина салынды
Қытай астанасында 12 мен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерге COVID-19-ға қарсы 1 млн дозадан астам вакцина салынды. Бұл туралы ҚазАқпараттың меншікті тілшісі Бейжің әкімшілігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
2021 жылғы 29 тамыздағы жағдай бойынша Бейжіңде барлығы 39 миллионнан астам вакцина салынды. Соның ішінде шамамен 1 млн доза 12-17 жас аралығындағы балаларға егілді. ҚХР астанасында 20,18 млн адам екпе алған, оның 18,98 миллионы вакцинацияның толық курсынан өткен. 18 жастан асқан тұрғындар арасында екпе алғандар үлесі 95,56% көрсеткішіне жетіп отыр.
Бұған дейін ҚХР Денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік комитеті мен Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының өкілдері хабарлағандай, елде 12 мен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерге екпе салу жалғасады. Өйткені балаларға вакцина салу — ұжымдық иммунитет қалыптастырудың ажырамас бөлігі.
Ресми деректерге жүгінсек, Қытайдың құрлықтық бөлігінде коронавирусқа қарсы 2,04 млрд дозадан астам вакцина салынды. Руслан Сүлейменов
Дереккөз: ҚазАқпарат