АЭС - 2024Заң және Қоғам

«Бұл – біздің болашақ алдындағы жауапкершілігіміз»: Жастар АЭС құрылысын қолдайды

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабта Қазақстан Халық партиясының Жастар қанаты Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқармен кездесу өткізді.

АЭС құрылысын салу мәселесі талқыланған жиынға ҚХП Орталық аппараты қызметкерлері мен Жастар қанатының өкілдері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенттері қатысты. Кездесудің модераторы – ҚХП ОА Ұйымдастыру бөлімінің маманы Жанасыл Көптілеуова кездесуге арнайы саясаттану факультетінің шәкірттері шақыртылғанын жеткізді. Оффлайн және онлайн форматында өткен іс-шарада Мәжіліс депутаты АЭС туралы кеңінен ақпарат беріп, еліміздегі электр тапшылығы, атом энергетикасының потенциялы, оның экологиялық тазалығы мен қауіпсіздігі туралы айтып берді. Әлемдегі атом энергетикасы саласындағы жетістіктер туралы баяндады.

«Елімізде АЭС салу туралы кең талқылау жүріп жатыр. Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясы өкілдері де өңірлерде халықпен кездесулер өткізуде. Осы тұста пікірталастарға жастардың да белсенді қатысып жатқанын атай кеткім келеді. Соның бір дәлелі бүгінгі кездесу. Байқағаным, ең бірінші қойылатын сұрақ: «АЭС бізге керек пе?» деген сауал. Елімізде бүгінде қалыптасып отырған жағдай қандай екенін баршаңыз да жақсы түсініп отырсыздар. Экономикалық даму қарқынына қарай электр энергиясын тұтыну жыл сайын 3%-ға өсіп отыр. Соған сай энергия тапшылығын жабу үшін көршілерімізден электр қуатын импорттаудамыз. Мәселен, 2023 жылы еліміз Ресейден шамамен 100 млрд теңгеге 3,4 млрд кВт/сағ электр энергиясын алуға мәжбүр болды. Жоспардан тыс және «час-пик» уақыттарда сатып алып отырғандықтан ол екі есе қымбатқа түсті. Ал одан түптеп келгенде тұтынушылар: тұрғындар мен бизнес зардап шегіп отыр. Бұл — бір. Екінші жағынан біз Ресейге энергетикалық жағынан тәуелдіміз. Жиі құбылып тұратын энергетика нарығы үшін бұл қауіпті», — деді Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар.

Одан бөлек көрші Өзбекстан, Моңғолия елдері де АЭС салуға шешім қабылдап жатқанын мысалға келтірген ол елімізде атом энергетикасы ғылыми тұрғыда өте жоғары дамығанын, білікті мамандарымыз бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, дәстүрлі және жаңармалы энергия көздерінің қандай кемшіліктері бар екеніне тоқталды.

 

 

 

Жиын барысы талқылауға ұласып, залдағы студент жастар мен өңірлерден бейнетрансляция арқылы қатысып отырған ҚХП Жастар қанатының өкілдері спикерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Сұрақтар киберқауіпсіздік, кадр даярлау, АЭС-тің қорғалуы сынды әр саладан қойылды, олардың мазмұнына қарап, көзі ашық, көкірегі ояу жастар өсіп келе жатқанына көз жеткіздік. Мәселен, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Малика атты 4-курс студенті: «Осы талқылаулар басталғанда көпті бірінші кезекте толғандырған жай жемқорлық мәселесі болатын. Жастарды да осы жайт алаңдатады. АЭС салуға Қазақстан қоғамы дайын ба?» деп сұрады. Мәжіліс депутаты әлемде атом энергетикасы халықаралық ұйымдардың қатаң қадағалауында болатынын жеткізді.

«Біз де талқылаулар кезінде осы сұрақтарды қойдық. Ондай қауіп жоқ, өйткені, АЭС құрылысынан бастап, жұмыс істеген кезінде де МАГАТЭ-нің қадағалауында болады. Ондай жерде қандай да бір ағаттыққа жол берілмейді. Менің айтарым, біз сәл нәрседен қауіптеніп, батыл шешім қабылдамайтын болсақ, онда бір орында тапталып тұра береміз. Біріншіден, құрылыс салуды мойынына алатын қай компанияға болмасын «қарсы міндеттемелер» деген талаптар қойылады. Олар бізге қандай гарантия беретіні алдын ала талқыланады. Ал біз өз тарапымыздан қоғамдық бақылау орнатуымыз керек. Елімізде биыл ондай заң қабылданды. Сондықтан референдум өткеннен кейін де халқымыз осынау маңызды жобадан қалыс қалады деп ойламаймын. Бұл біздің болашақ алдындағы жауапкершілігіміз», — деді Ислам Еркінұлы.

 

 

Ақтөбеден ZOOM арқылы қатысып отырған ҚХП жастар қанатының өкілінің «Шетелден мамандар тартыла ма?» деген сұрағына депутат:

«Мен де өздеріңіз сияқты Еуразия Ұлттық университетінде оқығанмын, сол кезде ядролық физика мамандығында оқыған достарым болды. Бірақ олардың кейбірі елімізде мұндай жұмыс таба алмағандықтан басқа салаға ауысып кеткен болса, кейбірі алған білімін кәдеге асыру үшін Ресейге және басқа елдерге кетіп қалды. Елімізде АЭС салынар болса олар да кейін оралады деп ойлаймын. Ал жалпы елімізде бұл салада жергілікті маман тапшылығы болмайды деп сенемін. Өйткені, атом саласының кадрларын дайындау Қазақстанда қай деңгейде де жолға қойылған. Тіпті, осы бастама сөз болғалы оның болашағына деген сенім пайда болып, балаларын осы салаға оқытуға бел байлап жатқан ата-аналар да болуы мүмкін. Себебі, бұл — елімізде ғылымның дамуына деген үлкен мотивация» деп жауап берді.

Одан да өзге қойылған сұрақтар көп болды. Жастар арасында өз пікірлерін білдіріп, АЭС салуға үн қосқандары аз болған жоқ. Жиынды қорытындылаған ҚХП Орталық аппаратының Ұйымдастыру бөлімінің маманы Жанасыл Көптілеуова жастарды ел өміріне белсене араласып, 6 қазан күні өтетін Референдум кезінде өз таңдауларын жасауға шақырды.

 

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button