ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕУЕТТІ ЕЛ БОЛСЫН ДЕСЕК…
Референдум-2024
АЭС салу ісін қолдауымыз қажет
Бейбіт атомды қолдану әдеттегі әлемдік тәжірибеге айналды. Бүгінде әлемнің 30-дан астам елінде 440 ядролық реактор табысты жұмыс істеуде.
Десе де, атом электр стансасының қауіпсіздік тақырыбы қоғам арасында екіұдай пікір қалыптастырған өзекті тақырыпқа айналып отыр. Чернобыль мен Фукусимадағы қайғылы оқиғалар әлі де әлем жұртшылығының жадында. Бірақ, бүгінгі таңда бейбіт атомды пайдалану – бұл жалпы әлемдік тәжірибе екені де белгілі.
Жақында ғана әлеуметтік желіден швейцариялық атом энергетикасы инженері Лука Тальяпьетраның пікірін оқыдым. Онда ол қазіргі заманғы атом электр стансалары жайында ой бөлісіпті. Оның айтуынша, қазіргі заманғы атом электр стансалары апаттар болған жағдайда радиацияның халыққа және қоршаған ортаға әсерін болдырмайтын ең қатаң қауіпсіздік шараларын ескере отырып жасалған. Сонымен, пассивті қауіпсіздік жүйелерінің арқасында атом электр стансалары апаттардың алдын алады және оператордың араласуынсыз стансаны қауіпсіз өшіруді қамтамасыз ете отырып, адам шығыны факторын болдырмайды. «Қазіргі уақытта көптеген ел АЭС салуда. Қытайда 26 реактор салынуда, Беларусь пен БАӘ алғашқы атом электр стансасын салды, Түркия өзінің атом электр стансасын салуда, ал көршіміз Өзбекстан шағын атом стансасының құрылысы туралы жариялады. Мамандардың пікірінше, АЭС электр энергиясының жетіспеушілігі мәселесін шешуге көмектеседі. 2028 жылға қарай тек оңтүстік аймақта тапшылық 1000 Мегаваттан асады. Күрделі жобаны жүзеге асыруға 10-12 жыл кететінін ескерсек, осы бастан қам жасуымыз керек.
Елімізде АЭС салу бойынша қызу талқы әлі де жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында АЭС құрылысы бойынша референдум күнін белгіледі. Ол – 6 қазан деп бекітілді. Халқымыздың «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген даналығы ХХІ ғасырда да мәнін жойған жоқ. Қай мәселенің болсын артын дауға айналдырмай, ақылдаса, кеңесе отырып шешу – елдігіміздің іргесін бекіте түсері сөзсіз. Енді АЭС салу мәселесі қазан айында болатын референдум арқылы шешіледі.
Сондықтан, мәселеге байыппен қарап, дұрыс таңдау жасайық!
Ж. СӘЛКЕНҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі.
Ақмол.