Қазақстан халық партиясы сайлауалды бағдарламасын бекітті
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада Қазақстан халқы партиясының кезектен тыс ХХІІІ съезі өтіп жатыр. Іс-шара барысында партия 19 наурыздан өтетін Мәжіліс және мәслихаттар сайлауына орай сайлауалды бағдарламасын бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін біз, Халық партиясы, саяси партиялардың ішінде сайлау алдындағы съезді бірінші болып өткізіп отырмыз. Бірінші болудың жауапкершілігі – үлкен, жүгі – ауыр. Ал бірінші болу – біздің саяси алаңдағы визиттік карточкамыз болып кетті. Баршаңызға белгілі, былтыр Халық партиясы Мемлекет басшысының Президент және Парламент сайлауы туралы бастамасын бірінші болып қолдады. Сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауға халық коалициясын құруды бірінші болып Халық партиясы ұсынды», — деді съезде сөз сөйлеген партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев.
Оның атап өтуінше, партия әліптің артын бағу бағытын ұстанбайды әрі табанды күреске дайын.
«Бабаларымыздың «Бірлік болса – тірлік болады» деген аманат өсиеті бар. Әрине, баршамызға бірлік керек! Дегенмен, демократия жағдайында Парламент сайлауында плюрализм, яғни пікір алуандығы қажет. Әр партия өзі үшін күреседі. Күрес дегеніміз – диалектиканың бірінші заңы. Тек саяси күреспен ғана бірлікке қол жеткізе аламыз. Сондықтан мен осы мақалды сәл өзгертіп, «Күрес арқылы – бірлік болады. Бірлік болса – тірлік болады» деп айтар едім. Жалпы алғанда, бірлік пен береке күрес арқылы келеді. Біз – ұланғайыр жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған күрескер, батыр бабалардың ұрпағымыз. Сондықтан да айтарым – біз табанды күрес жолына түсеміз, біз халық мүддесін жақтаймыз», — деді ол.
Осыдан кейін Ермұхамет Ертісбаев съезд делегаттарына партияның сайлауалды бағдарламасын бекітуді ұсынып, ол бірауыздан қолдау тапты.