Қазақстан халық партиясы ОСК-ға кандидаттар құжатын тапсырды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Мәжіліс сайлауына кандидаттар құжаттарын тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл құжаттар тізімінде партияның жоғары органының хаттамасынан үзінді, ҚР Әділет министрлігінде саяси партияны тіркеу туралы құжаттың көшірмесі, партиялық тізім, азаматтардың партиялық тізімге енуге келісімі туралы өтініші және өмірбаяндары, мүгедектігі бар кандидаттардың анықтамалары бар.
Ал тіркеу кезінде кандидат пен оның жұбайының 2023 жылғы 1 қаңтарға активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларды тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасы және сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат талап етіледі.
Партиялық тізімде үш санат өкілдерінің: әйелдердің, жастардың, мүгедектігі бар адамдарың саны жиынтығында оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс.
«Бір мақсатымыз ғана бар – тек қана жеңіске жету керек. Бүгін Халық партиясынан кандидаттар тізімін тапсырып шықтым. Онда 52 кандидаттан құралған тізім бар. Өздеріңіз білесіздер, дүйсенбі күні біздің Халық партиясының съезін өткіздік, мен баяндама жасадым, сонда бәрін айттым. Қазір еш алып-қосарым жоқ. Сайлау туралы заңға сәйкес, әзірге ешқандай ақпарат жариялай алмаймыз. Орталық сайлау комиссиясы ешқандай үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынғанын ескертті», — деді Е. Ертісбаев Орталық сайлау комиссиясында тілшілерге берген сұхбатында.
Еске сала кетсек, кандидаттарды ұсыну сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күннен басталады және 20 күнге созылады, 8 ақпанда әр аймақта жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Үміткерлерді тіркеу 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады.
Айта кетейік, 30 қаңтарда Қазақстан халық партиясының кезектен тыс ХХІІІ съезінде кандидаттар тізімі бекітілген еді. Партиялық тізімде алты ұлттың өкілі бар. Кандидаттардың орташа жасы 50 жас. Сонымен қатар тізімдегі әйелдер, жастар және мүгедек жандардвң үлесі 32,6 пайызды құрайды.