Барлық жаңалықтар

«Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзі

 

Құрметті Төраға! Құрметті Мәжіліс депутаттары!

Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет.

Өкінішке қарай, бүгінде халық арасында осы оқиғаға байланысты түрлі қарама-қайшы, шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар тарап кеткенін көріп отырмыз. Мұның, әрине, бірнеше себептері бар: кейбір азаматтарымыз ахуалды егжей-тегжей білмей тұрып, қате пікірде болса, кейбірі әдейі ақпаратты бұрмалап, жағдайды одан бетер ушықтырады.

Бірақ бізге керегі – тек ақиқат қана. Сол себепті оқиғаларды мұқият зерттей отырып, айтарым: жыл басынан бері орын алған барлық жағдайлар – бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар. Ашығын айтсақ, бұл бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі. Олардың көздегені – өздерінің қатыгез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық.

Мұның қатарында Жамбыл облысында болған тәртіпсіздіктер, этносаралық сипаттағы арандатушылықтар мен басқа да шиеленістер бар. Қоғамымыздың тұтастығын жүйелі түрде, соның ішінде наразылықтар мен кәсіби түрде әзірленген сценарийлерді қолдану арқылы шайқалтып келген.

Радикалды шаралардың нақты орындаушыларын дайындау жасырын түрде жүргізілген. Ұлттық қаупісіздік комитеті уәкілетті орган ретінде осы бүлдіргі жұмыстарға нақты баға бере алмады және бергісі де келмеді. Ұлттық қауіпсіздікке төнген аса үлкен қауіпті көрмеді. Шабуыл ұйымдастырушыларына тек себеп іздеу ғана қалды, ал ол себеп бәрібір табылар еді.

Халықтың газ бағасының өсуіне байланысты наразылығы құрал ретінде пайдаланылды. Содан кейін оқиға спираль түрінде дамыды. Бірінші кезеңде бірнеше өңірде, атап айтқанда, Жаңаөзенде митингтер өтті. Екіншісінде қарақшылар мен басбұзарлар қосылды. Бұдан әрі «отты» кезеңге жетіп, қарулы лаңкестер, соның ішінде шетелдік содырлар іске араласты. Осыдан кейін олардың негізгі мақсаты белгілі болды – мемлекеттік басқару институттарын тарату, конституциялық құрылымды бұзу және түпкі нәтижеде билікті басып алу.

Әр нәрсені өз атымен атар болсақ, бұған дейін ҰҚШҰ саммитінде айтқанымдай, біздің елге қарсы террористік соғыс ашылды. Жау асқан қатыгездік пен кез келген қадамға баруға дайын екенін көрсетті. Олар тіпті халық арасында қорқыныш ұялатып, қарсы шығу туралы ойды басуға талпынды.

Қазақстанға шабуыл жоспары әртүрлі аспектілерді қамтыды: әскери, саяси, идеологиялық, жалған ақпараттандыру және тағы басқалар. Билікті басып алуға дайындық жұмыстарын кәсіпқойлар жүргізді.

Бұл халықаралық лаңкестік тарапынан елімізге қарсы жасалған қарулы агрессия болғандықтан, Қазақстан заңды түрде Ұжымдық қауіпсіздік шарты бойынша әріптестеріне бітімгершілік контингент жіберу туралы өтініш жасады.

Мынаны түсіну керек: осындай шешім қабылдап жатқан кезде Алматыны бақылауды толықтай уыстан шығарып алуымыз мүмкін еді. Ондай жағдайда қалада лаңкестер ойран салатын еді. Алматыдан айырылсақ, астананы да жоғалтып, кейін елімізден айырылатын едік. Қаңтардың қаралы күндеріндегі оқиғалардың мәні де осында. Елордада бітімгершілік контингент пайда болғаннан кейін Алматыға арнайы жасақтың қосымша бөлімшелерін жіберіп, қаланы сақтап қала алдық.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жеке тоқталғым келеді. Бұған қатысты түрлі қауесеттің, әсіресе, шетелде тарап жатқан жаңсақ пікірдің алдын алу қажет. Бұл ұйым ұжымдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады.

Қазақстан – оның толыққанды құрылтайшысының бірі. Осы ұйымның барлық мүшелерінен жасақталған бітімгершілік контингенті Қазақстанға уақытша мерзімге ғана келді. Оған жүктелген міндеттер нақты айқындалған. Бұл – стратегиялық нысандарды күзету және ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсету.

Лаңкестерге қарсы операцияны толығымен Қазақстанның күштік құрылымдары жүзеге асыруда. Шын мәнінде, солардың жанкешті іс-әрекетінің арқасында төңкеріске жол берілген жоқ.

Мемлекеттік төңкеріс, елдің тұрақтылығына қол сұғу талпыныстары сәтсіздікке ұшырады. Біз біртұтас ұлт ретінде Алматы мен өзге облыс орталықтарын бірге қорғап қалдық. Қысқа мерзімде олар қалпына келтіріледі және бұрынғыдан да көркейе түседі. Енді бұл менің тікелей міндетім және әрине, Үкіметтің жауапкершілігі.

Осы сәтті пайдалана отырып, террористік агрессияның нысанына айналған қалалардың тұрғындарына көңіл айтқым келеді.

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button