Қаржы министрлігінің өкілі Арнаулы мемлекеттік қор қаражатының түсімдері және қайтарылған активтерді басқару компаниясының қызметі туралы айтты
2023 жылғы Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания құрылды, сондай-ақ, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңын іске асыруға қажетті заңнамалық база қабылданды, арнайы шот — Арнаулы мемлекеттік қор ашылды.
«2024 жылғы 9 қыркүйектегі жағдай бойынша Арнаулымемқор түсімдер 176,3 млрд теңгені құрайды, оның ішінде Басқарушы компаниядан түскен қаражат 5,7 млрд теңге, оның ішінде активтерді сатудан 5,559 млрд теңге және активтерді басқарудан 141 млн теңге», — деді ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Бақытбек Тәшенов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Арнаулымемқордың қаражаты әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.
Қаржы министрлігінің өкілі Басқарушы компанияның балансына берілетін активтер туралы айтып берді. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 46,9 млрд теңгеге 219 активке, оның ішінде 196 зергерлік бұйымдар және 23 өзге активтер тіркелген, балансқа қою жүзеге асырылды. Жалпы құны 38,2 млрд теңге активтерді беру шарттарына қол қойылды, 400 млн теңгеге заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі беру процесінде.
«Бүгінгі таңда Астана және Алматы қалаларында 13 жылжымайтын мүлік объектісі сауда-саттыққа қойылды. Оның ішінде 3 объект аукционда 1,8 млрд теңгеден астам жалпы сомаға сатылды (1,2 млрд тенге қаражат Қорға аударылды, 1 объект бойынша төлем мерзімі келген жоқ). Аукцион басталған сәтте тіркелген қатысушылардың болмауына байланысты 10 жылжымайтын мүлік объектісі бойынша сауда-саттық өткен жоқ. Сауда-саттық ережелерге сай жалғасады. Шетелдік активтерден 4, 518 млрд теңге сомаға 2 автомобиль, 2 тұрғын үй, пәтер сатылды. Басқарушы компания 6,3 млрд теңгеге активтер сатты», — деді спикер.