Адал еңбек – арлы адамның ісі
Адал еңбек – арлы адамның ісі
Ауа-райының ыстық-суығына қарамастан, қаланың таза да көрікті болуына атсалысып жүрген жұмысшылардың еңбектері зор. Әсіресе, қыс мезгілінде мұз ойып, қар күреу, жаз айларында ағаштарды әктеп, айналаны қоқыстардан тазарту нағыз еңбек адамының ісі. Қарап отырсақ, көше тазалап ауыр жұмыс істейтіндердің дені – нәзік жандар. Жұмыстың ауырына қарамай ер адамдармен қатар жұмыс жасап жатқант аяулы да абзал жандар таңнын атысынан кешке дейін аянбай еңбек етуде.
«Еңбек адамы» жобасының бүгінгі кейіпкері — «Көкше Тазалық» ЖШС-нің бригадирі Күліш Азбаева.
Күліш апай осы салада 15 жылдан астам еңбек етіп, өз напақасын тауып жүрген еңбек адамы. Күліш Амангелдіқызының 4 қызы, 13 жиен- немересі бар іргелі отбасы. Бүгінде аяулы ана, ақбасты әже атанып отыр.
Кейіпкеріміз : «Немерелерім қоқыс шашып, далаға тастамайды, себебі, менің жұмысымды біледі, барынша бағалайды. Менің ойымша, барлығы тәрбиеге байланысты. «Тәрбие отбасынан басталады» деген қағиданы ұстанамыз.
«Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілерсің» дегендей балаларыма, немерелеріме қолымнан келгенше жақсы тәлім-тәрбие беруге тырысамын. Істеп жатқан жұмысым жақсы, еңбекақымызды да көтерді. Барлық жұмысшыларға арнайы форма, яғни етік, қолғап және т.б қажетті заттарды уақытында беріліп отырады.Тек жұмыс істесең болды. Ендігі кезекте қаламыздың тазалығын қадағалап, таза ұстау. Менің айтарым, қаламыздың таза әрі әдемі болғаны жақсы емес пе?! Осыған қала тұрғындары баса назар аударса екен », деп кейіпкеріміз өз ойын түйіндеді.
Тазалықты сақтап, қоршаған ортаға деген шынайы көзқарасты өзімізден бастаған дұрыс. Көшеде адал қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегін бағалап, түсіністікпен қарау әрбір қоғам мүшесінің парызы.
Осынау қажырлы еңбек етіп жүрген жұмыскерлерге алғысымыз шексіз!
Баршасына мықты денсаулық, күш –қуат, еңбек жолында табыс тілейміз!