Аудан өміріЗаң және ҚоғамМәдениет

АБАЙ ТАҒЫЛЫМЫН ЖАЛҒАСТЫРУШЫ

    Ұлы даланың жеті қыры

АБАЙ ТАҒЫЛЫМЫН ЖАЛҒАСТЫРУШЫ

    Шәкәрім шығармашылығының маңызы зор

 

     «Өмірден барлық тергенім.

     Қалағанын қарап ал,

    Мұрам сол, жастар бергенім…»

                                      Шәкәрім.   

     Халқымыздың  тарихы мен мәдениетінде өзіндік із қалдырған, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген, ұлы Абай мектебінің дәстүрін жалғастырушы, өзінен кейінгі ұрпаққа сарқылмас мол мәдени мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердіұлы  қазақтың мәдени және әдеби өміріне белсене атсалысып,  ағартушылық-демократиялық, гуманистік идеяларды насихаттап,  Шоқан, Абай, Ыбырай ұстаған ағартушылық дәстүрді ілгері жалғастырушылардың бірі болды.

Артына мол мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердіұлы   Шығыс Қазақстан  өңіріндегі  Шыңғыстау бөктерінде 1858 жылы  11-шілдеде  дүниеге келген. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнкеден туған, Абаймен әкесі бір, шешесі бөлек. Шәкәрім сонда  Абайға немере іні болып келеді.

Құдайберді отыз жеті жасында дүниеден өткенде,  Шәкәрім атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болып,  жетімдік тауқыметін тарта қоймаған. Өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты  ғұмырнамалық өлеңінде бес жасында ауыл молдасынан сабақ ала бастағанын жазады. Атасы  оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай, еркелетіп өсіреді.  Ақылды, зирек жеткіншек  еркелікті тастап, жеті жасынан бастап өлең сөзге бейімділігін танытады.

Оның  ерекше  зейінділігін  аңғарған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алады, «молда сабағынан» басқа орысшаға үйретеді. Ақындыққа баулып тәрбиелеген ұлы Абай оның әйгілі ақын болып қалыптасуына елеулі үлес қосады. Бес жасында хат танып, аз ғана жылда сауатын ашқан зейінді де зерек жас көне түрік, араб, парсы тілдерін игеріп, көп ұзамай орыс тілін де еркін меңгереді.

Оның өнеге көрген ортасы Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың тағылымы болды. Бұл  жас Шәкәрімнің азамат және ақын ретінде қалыптасуына ерекше әсер етеді. Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқуға машықтанған Шәкәрім ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өседі. Ақындық өнерін де таныта бастайды.

Оның «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты тұңғыш кітабы 1911 жылы жарық көрген.  Шәкәрімді философ, тарихшы, ойшыл ретінде де танытатын «Үш анық», «Мұсылмандық шарты» атты туындылары, әлеуметтік ағартушылық арнадағы «Жолсыз жаза», «Қалқаман — Мамыр», «Ләйлі — Мәжнүн» тағы басқа да  жыр жинақтары мен поэмалары басылып шыққан. Ол сонымен қатар   «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жастық туралы», «Анадан алғаш туғанымда» сияқты жиырмаға тарта әсем әуезді әндердің авторы.

Шәкәрім — өзінің жарты ғасырлық  шығармашылық өмірінде әдебиеттің барлық жанрында жемісті еңбек еткен қайраткер.  1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспасынан Шәкәрімнің «Қазақ айнасы», «Қалқаман — Мамыр», «Жолсыз жаза, яки кез болған іс», «Еңлік — Кебек» атты кітаптары жарыққа шығады. Ақынның жекелеген шығармалары сол кездегі  қазақ баспасөзінде көптеп жарияланды.   Оның  Физулиден аударған «Ләйлі – Мәжнүн» дастаны Ташкенттегі «Шолпан» журналының  бірнеше санында басылып шықты. Одан кейін  аталған  поэма С.Сейфуллиннің бастыруымен 1935 жылы Алматыда «Ләйлі – Мәжнүн» деген атпен жарияланды. А.С.Пушкиннен  аударған «Дубровский» әңгімесі де жеке кітап болып басылды.

Өз заманының суреткері, табиғат, қоғам, адам туралы  философиялық тұжырымдар жасаған – Шәкәрім Құдайбердіұлының ақындық әлемі түрлі бейнелі образдарға, тілдік көркемдегіш сөздерге толы. Сондықтан да ол Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанды.

1905 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы қажылық  сапар шегеді. Меккеге барған  сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Стамбұл, Мекке, Медина кітапханаларынан  туған халқының тарихына байланысты кітаптарды тауып оқиды. Осылай  жинаған материалдарының  негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі»,  «Мұсылмандық шарты» деген еңбектерін дүниеге әкеледі. Ақынның адамгершілік, ар-ұждан тақырыбына жазған ойшыл да парасатты туындылары   қазақ халқына рухани азық болғандығы анық.

Шәкәрім Алашорда  қайраткерлерінің еңбектерін де бағалай білді.  Бүгінде  егемен ел болған  кезде  туған халқымен қайта қауышқан алыптарымыздың бірі Шәкәрімнің шығармаларын оқыту, оқытып қана қоймай, терең сырлы құпиясын ашып, оның адамдық, азаматтық құқық жайында жазған өлеңдеріне талдау жасай отырып, жас ұрпақты адамгершілік биік мұраттарға, адалдық пен ақылдылық, парасаттылық пен азаматтыққа үндейтін Шәкәрім шығармаларымен сусындап өсу қажет.

Р. ҚАДІРЖАН.

Суреттерді түсірген Ж. Түгелбаев.

Семей.

 

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button