Заң және Қоғам

Ақмола облысында қылмыстық процестің ашықтығы мен цифрлануы артып келеді 

Ақмола облысында қылмыстық процестің ашықтығы мен цифрлануы артып келеді

 

Тұрғындарға өңірдегі құқықтық ахуал жайында ашық ақпарат беру, қабылданып жатқан шаралар мен заманауи технологиялардың тиімділігін түсіндіру туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті Қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің бастығы Виктор Красноусов брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Жыл басынан бері тіркелген өтініштер мен хабарламалар саны артқанымен, бірқатар аудандарда қылмыс санының күрт төмендегені байқалады. Мысалы, Ерейментау, Бурабай аудандары мен Қосшы қаласында ауыр және орташа қылмыстар екі есеге дейін азайған.

Сонымен қатар, онша ауыр емес және орташа деңгейдегі қылмыстар азайғанымен, ауыр және аса ауыр қылмыстар саны өсіп отыр. Бұл құқық қорғау органдарының алдын алу шараларын қайта қарауына себеп болып отыр.

«Жыл сайын алаяқтық қылмыстары күрт көбейіп келеді, әсіресе интернет алаяқтық кең таралған. Онлайн несиелер, жалған лотереялар мен банктік смс/қоңыраулар арқылы жасалатын қылмыстар саны бірнеше есе өскен. Мұндай деректердің басым бөлігі Көкшетау қаласында тіркелуде», — деді спикер.

Степногорск және Бұланды ауданында отбасылық-тұрмыстық салада тіркелетін құқықбұзушылықтар саны өсіп отыр. Есірткі қылмыстары да айтарлықтай артқан – олардың жартысына жуығы Көкшетауда анықталған.

Цифрлық технологиялар құқық қорғау жүйесіне де еніп жатыр. Qamqor.gov.kz порталы арқылы азаматтар қылмыс туралы арыз беріп, айыппұлдар мен өтініш мәртебесін тексере алады. Сонымен қатар, қылмыс картасы арқылы кез келген тұрғын өз ауданының қылмыстық ахуалын көріп, тиісті сақтық шараларын жоспарлай алады.

Платформада арнайы алты түрлі карта енгізілген: қылмыс, жол-көлік оқиғалары, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар, жыныстық қылмыс жасаған тұлғалар, мемлекеттік органдарға жүгіну және кәсіпкерлікке жасалған тексерістер картасы.

«Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру реестрі (ЕРДР) – құқық қорғау органдары жұмысындағы ең басты цифрлық жүйе. Соңғы жылдары қылмыстық істердің басым бөлігі электронды форматта тіркеліп, тергелуде. Бұл жүйе тергеудің ашықтығы мен тиімділігін арттырып, азаматтардың істердің барысын онлайн бақылауына мүмкіндік береді», — деп толықтырды Виктор Красноусов

Қоғамдық сектор модулі арқылы жәбірленушілер, қорғаушылар мен басқа да қатысушылар интернет арқылы өз ісімен таныса алады. Бұл — әділдік пен ашықтыққа бағытталған үлкен қадам.

Ақмола облысында қылмыстық процестің ашықтығы мен цифрлануы артып келеді. Қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы байланыс нығайып, заманауи технологиялар қылмыстың алдын алуда маңызды құралға айналуда. Енді қауіпсіздік мәселелері – тек полиция мен прокурордың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігіне айналмақ.

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button