Ақмола облысында вирустық инфекция деңгейі төмендеп келеді
Ақмола облысында вирустық инфекция деңгейі төмендеп келеді
Соңғы мәліметтер бойынша, эпидемиялық маусымның басынан бері елімізде 71 411 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1 есе төмен көрсеткіш. Бұл туралы Ақмола облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина журналистермен өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
2024 жылдың 53-ші эпидемиялық аптасында 3 565 ЖРВИ жағдайы тіркеліп, аурушаңдық 1,7 есе төмендегені байқалды. Соған қарамастан, балалар арасында ЖРВИ-дің таралуы 91%-ды құрады, бұл көрсеткіштің басым бөлігі 1-4 жас аралығындағы балалар арасында.
Өткен жылдың 12 айында менингококк инфекциясы бойынша 7 жағдай тіркеліпті. Оның ішінде 4 жағдай балалар арасында болған. Аймақтар бойынша ең көп жағдайлар Ақмола облысында тіркелген.
«Менингококк инфекциясына қатысты ахуал әлі де бақылауда. Әсіресе балалар мен жастардың арасында инфекцияның таралуын шектеу үшін профилактикалық жұмыстарды күшейту қажет. Бұдан бөлек, бақылауды жалғастырып, науқастардың жедел түрде медициналық көмек алуын қамтамасыз ету маңызды»,-деп толықтырды Айнагүл Мусина.
2024 жылдың эпидемиялық маусымында елде әртүрлі вирус түрлері, соның ішінде тұмау, COVID-19, парагрипп және риновирус сияқты вирустар таралуда. 89 алынған сынаманың 41-де түрлі вирус түрлері анықталды, оның ішінде ең көп тарағандары риновирус, аденовирус және метапневмовирус.
Спикердің айтуынша, вирустардың түрлері мен олардың таралу жолдары жыл сайын өзгеріп отырады. Сондықтан вирус инфекцияларымен күресуде алдын алу шараларын уақытылы қабылдап, халықты ескерту маңызды.
Сондай ақ өткен жылы облыста қызылша вирусы бойынша 877 жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Олардың көпшілігі балалар арасында тіркелген.
«Қызылшаның таралуы балалар арасында әлі де байқалады, бірақ соңғы жылдары қосымша иммунизациялау шараларының арқасында жағдай тұрақталып келеді. Бүгінгі күні 40 мыңнан астам бала вакцинацияланды»,- деді спикер.
Бұдан бөлек, көкжөтел ауруы да ұлғайып келеді. 2024 жылы 61 жағдай тіркеліп, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 10 есе артты. Көкжөтел көбінесе 1 жасқа дейінгі балалар арасында жиі кездеседі. Мусина бұл вирусқа қарсы вакциналау деңгейін арттыру қажеттігін тағы да тілге тиек етті.
Айнагүл Мусина вакцинацияның аса маңызды профилактикалық құрал екенін атап өтті. Вакцинация арқылы көптеген жұқпалы аурулардың алдын алуға болатынын, әсіресе тұмау мен қызылша сияқты аурулардан сақтанудың тиімді жолы екендігін айтты.