Заң және Қоғам

Ақмола облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр

Ақмола облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр

Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өңірдің негізгі салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп келеді. Биылғы жылы ведомство тарапынан агроөнеркәсіптік кешен, білім беру, денсаулық сақтау, спортта және құрылыс саласында ашықтықты арттыру үшін айтарлықтай қадамдар жасалды. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте департамент басшысы Асхат Оразхан мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оның айтуынша, осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша департамент қызметкерлері төрт сыртқы талдау және үш сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді. Нәтижесінде уәкілетті органдарға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және заңнаманы жақсартуға бағытталған 40 ұсыныс жолданды.
Сонымен бірге, брифингте спорт саласындағы анықталған заң бұзушылықтар да сөз болды. Бұл ретте, департамент басшысы «Оқжетпес» футбол клубындағы «май шелпекті» мысалға келтірді.
«Талдау барысында соңғы алты жылда клубты қаржыландыруға 11 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгені анықталды, оның 9 млрд теңгесі жалақыға, сыйлықақыларға және іссапарларға жұмсалды. Департаменттің ұсынымдары бойынша футболшылар үшін екі миллион теңгеден және әкімшілік қызметкерлер үшін бір миллион теңгеден артық емес жалақы лимиті белгіленді», — деді Асхат Оразхан.
Брифингте айтылғандай, ауыл шаруашылығын субсидиялау саласында «Gosagro.kz» ақпараттық жүйесінің жұмысында көп кемшіліктер анықталған. Бұл субсидиялардың негізсіз төленуіне ықпал еткен. Нәтижесінде жүйені жетілдіру туралы шешім қабылданды, сондай-ақ субсидиялауға өтінімдері уақытында қаралмаған 250 фермердің құқықтарын қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Ал «ақшаны бояу» пилоттық жобасы департаментке әлеуметтік маңызы бар салаларда қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды күшейтуге көмектесті. Бұл ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға бағытталған кредиттер мен субсидияларды мақсатсыз пайдалану тәуекелдерін барынша азайтады.
Сондай-ақ, Ақмола облысында сақалды құрылыстар да ерекше бақылауға алынған. 15 проблемалық нысанның бесеуі пайдалануға берілді, оның төртеуі тұрғын үй және біреуі абаттандыру нысаны.
Кәсіпкерлерді қолдауға қатысты да күшейтілген жұмыстар жүргізіліп келеді. «Бизнеске жол» жобасы облыс кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғауға көмектеседі.
«Осы жылы төлемдердің кешігуіне байланысты 318 түйіткілді мәселені шешуге мүмкіндік туды. Бұл бизнеске 330 млн теңгеден астам сомаға берешекті қайтаруға мүмкіндік берді», — деп қосты ведомство басшысы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті ілгерілету жұмыстарына да тоқталды. Қазіргі уақытта халық арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруға көп көңіл бөлініп келеді.
«Өңірде азаматтарға құқықтық көмек көрсететін еріктілер белсенді жұмыс істеп жатқандығын атап өткен жөн. Департамент өңірдің барлық маңызды салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою бойынша өз жұмысын жалғастыруда, егер қандай да бір сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы ақпарат болса немесе өңірдің ТКШ және инфрақұрылымын жетілдіру бойынша ұсыныстар болса, бірден бізге хабарласуға болады», — деп түйіндеді Асхат Оразхан.

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button