Заң және Қоғам

Ақмола облысында су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді 

Ақмола облысында су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

 

Төтенше жағдайлар департаменті Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтарын судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Қазіргі таңда өңірдегі су айдындарында мұз қабаты жұқа. Осыған байланысты мұз үстіне шықпауды, балалардың қауіпсіздігін қадағалауды және көктемгі кезеңдегі мұз үстіндегі қауіп-қатер жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы брифингте Ақмола облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмаз Бекбаев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

 

Оның айтуынша, биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап аңшылық және балық аулау маусымының ашылуымен департамент қызметкерлері күн сайын халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл жұмыстар полиция департаментінің жергілікті бөлімшелерімен, көлік инспекциясымен бірлесе ұйымдастырылып отыр.

 

«Су айдындарындағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында 350 радио хабар, 8 брифинг өткізілді, 20 мыңнан астам жадынама мен кітапша таратылып, 6 мыңға жуық QR-кодтар жапсырылып, әлеуметтік желілерде 304 материал жарияланды. Бұған қоса, 150 мақала баспасөз беттерінде жарық көрген», — деді ол.

 

Төтенше жағдайлар департаменті WhatsApp мессенджерін де тиімді пайдаланып келеді. Балықшылар мен аңшылардың өңірлік топтарына судағы қауіпсіздік туралы ақпарат тұрақты түрде жіберіліп тұрады. Арнайы құрылған топта 244 балықшы тіркелген, олар күнделікті ауа райы болжамы мен қауіпсіздік ережелері туралы СМС хабарламалар алып отырады. Бұл әдіс судағы қайғылы оқиғалардың алдын алуға септігін тигізуде.

 

«Дегенмен, аңшылық және балық аулау маусымы кезінде 4 автокөліктің мұз астына түсіп кеткен жағдайы тіркелді. Абырой болғанда, адам өлімі мен жарақаттану жағдайлары болған жоқ. Осы орайда, Төтенше жағдайлар департаменті ҚР ІІМ 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйрығына сәйкес, арнайы бекітілген өткелдерден тыс жерлерде мұз үстіне көлікпен шығуға тыйым салынатынын ескертеміз», — деді спикер.

 

ТЖ департаменті жазғы маусымға дайындық жұмыстарын да алдын ала бастады. Биыл облыс аумағында 82 ресми шомылу орны ашылатыны жоспарланған.

 

«Көпшілік жиналатын Қопа, Зеренді, Щучинск және Бурабай көлдерінің жағасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құтқару бекеттері қойылады. Бұдан бөлек, өткен жылғы тәжірибе негізінде аталған төрт ірі су айдынында балаларға арналған жағажайлар ұйымдастырылатын болады», — деп толықтырды ТЖД өкілі.

 

Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен меморандумдарға қол қойылып, су айдындарын жалға алушыларға құтқару бекеттерін жабдықтау қажеттілігі туралы ұсыныс хаттар жолданды.

 

1 мамырдан бастап, су айдындарының түбін тексеру жұмыстары, қоғамдық құтқарушыларды оқыту мен жазғы демалыс лагерлерінде түсіндіру сабақтары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, мектептерде интерактивті сабақтар мен бейнероликтер арқылы оқушыларға судағы қауіпсіздік ережелері үйретілуде. Ата-аналар чатына да тиісті ұсыныстар жолданып отыр.

 

Жазғы демалыс қарсаңында лагерлердің тәлімгерлері үшін арнайы слёт өткізіліп, құтқарушылар судағы алғашқы көмек көрсету және адамды құтқару бойынша практикалық сабақтар өткізетін болады.

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button