Ақмола облысында 35 шақырымнан астам жылу желілері жөнделді
Биылғы жылы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайды. Жылумен жабдықтау нысандарын жаңғыртуға, қазандықтарды жөндеуге және жылу желілерін жаңартуға баса назар аударылды. Бұл туралы облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаев брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Басқарма басшысының айтуынша, жылумен жабдықтау нысандарын жылыту маусымына дайындауға республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттерден қаражат, сондай-ақ жеке инвестициялар бөлінді. Бұл қаражат жылу желілерінде, қазандықтарда және тұрғын үйлерде, оқу орындарында және медициналық мекемелерде жылытуды қамтамасыз ететін басқа нысандарда жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді. Барлығы маусымға бір мыңнан астам қазандық, жүздеген әлеуметтік инфрақұрылым нысандары және мыңдаған тұрғын үйлер дайындалды. Желілер мен қазандық жабдықтарының тозу деңгейі жоғары аймақтарға ерекше назар аударылады.
Мәселен, Көкшетауда қазандықтарды, конвективтік секцияларды ауыстыруды қоса алғанда, жылу желілеріне, аудандық қазандықтарға жөндеу, сондай-ақ күл үйіндісі жиналатын орынды реконструкциялау жұмыстары жүргізілді.
«Степногорск қаласында 7,5 км жылу желілерін қайта жаңарту аяқталды. Жеке инвестициялар шеңберінде Степногорск энергокешенінен қазандықтар мен турбиналарды қоса алғанда, жабдықтарды жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар орындалды. Жөндеудің қосымша көлеміне байланысты қазандықтағы жұмыстардың аяқталу мерзімі 2025 жылдың наурызына дейін ұзартылды», — деді Бақтыбек Жапаев.
Атбасарда 8,7 км жылу желілері жөнделді. Сондай-ақ қуаты сағатына 120 Гкал дейінгі қазандықты қайта жаңарту, сондай-ақ тағы 5 км жылу желілерін жаңғырту жұмыстары басталды.
Щучинск қаласында Ремзавод және Горный шағын аудандарында, сондай-ақ Щипт көшесіндегі бес қабатты 20 пәтерлі тұрғын үй мен аз қабатты құрылыс үйлеріне жаңа желілер қайта жаңартылды және салынды. Ерейментау қаласының орталық бөлігінде магистральдық жылу трассасының құрылысы бойынша жұмыстар аяқталды.
Келесі жылы 11 жаңа жобаны іске асыру жоспарланған, олар ауылдық жерлерде жылумен жабдықтауды жақсартуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталатын болады. Олардың ішінде-Атбасардағы орталық қазандықты қайта жаңарту, Балкашино және Красный Яр ауылдарында қазандық пен жылу трассасын салу жобалары бар.
«Өңірді отынмен қамтамасыз ету үшін 659 мың тоннадан астам көмір түсті, бұл жылыту маусымының іркіліссіз өтуіне жеткілікті. Облыстың көмір тұйықтарында 82,8 мың тоннадан астам көмір қоры бар. Осы жылы көмірдің орташа бағасы — 17 750 теңге. Орташа баға біршама өсті, бұл өндіріс пен логистикалық шығындардың өсуіне байланысты. Облыстың көмір тұйықтарында тапшылықты болдырмау үшін қажетті отын қоры сақталады», — деп толықтырды Бақтыбек Жапаев..
Негізгі проблемалардың бірі жылу энергетикасы саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі болып отыр. «Көкшетау жылу» және «Степногорск ЖЭО» сияқты коммуналдық кәсіпорындарында мамандардың жетіспеушілігі байқалады, бұл жұмыс істейтін персоналға жүктемені арттырады. Өңірде бұл мәселені шешу үшін қадамдар жасалып жатыр.
Осылайша, ағымдағы жылыту маусымы Ақмола облысында штаттық режимде өтетініне сенім мол. Белгіленген жобаларды іске асыру халық үшін жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ өңірдің болашаққа арналған энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.