Заң және Қоғам

Ақмола облысында 3 мыңға жуық мәдени шаралар өткізілді

Ақмола облысында 3 мыңға жуық мәдени шаралар өткізілді

 

Биылғы жыл Ақмола облысының атақты тұлғаларының мерейтойларымен ерекшеленіп, олардың шығармашылығы мен өмірі кеңінен дәріптелді. 3000-ға жуық мәдени іс-шаралар өткізілді, олардың ішінде бірқатар ұлттық мерекелер мен танымал тұлғалардың шығармашылығына арналған арнайы бағдарламалар жүзеге асты. Бұл туралы Ақмола облысының мәдениет басқармасының басшысы Сәбитова Айгүл брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

 

Ақмола облысының мәдениет басқармасының басшысы, бұл жылды қорытындылай келе, мәдени шаралардың кең ауқымда өткізілуі өңірдің тарихи және мәдени мұраларын сақтау мен дамытуға, сондай-ақ жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Біз осы ұлы мерекені атап өту барысында халықтың рухани байлығын дәріптеп, оны жаңа заманға сай жаңғыртуға тиіспіз», – деді Айгүл Сәбитова.

 

Биылғы жылы Ақмола облысында Ұлы мереке – Наурыз мейрамы ерекше атап өтілді. 20 мыңнан астам адам қатысқан бұл шарада алғаш рет бірнеше дәстүрлі қазақ ауылы құрылып, киіз үйлерде қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрлері көрсетілді. Сондай-ақ, облыс тұрғындары мен қонақтарына арналған «Наурыз – көктем, жыр думан!» атты театрланған қойылым өткізілді. Мәдениет басқармасының жетекшісі бұл шаралардың ұлттық мәдениетті насихаттауда маңызды рөл атқарғанын және халықтың бірлігі мен рухын нығайтқанын мәлімдеді.

 

Облыс бойынша ірі мерейтойлар аясында өткен түрлі мәдени шаралар, оның ішінде дәстүрлі әндер байқаулары, театр фестивальдері мен ұлттық қолөнершілер көрмелері өңірдің мәдениетінің тереңдігін көрсетіп, ұлттың шығармашылығы мен өнерін әлемге танытуға үлес қосты. 2024 жылдың ең үлкен оқиғасы ретінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылуы мен мәдени бағдарламасы ерекше орын алады. Облыс делегациясы бұл шарада белсенді қатысып, ұлттық өнерді дәріптеу арқылы Қазақстанның мәдени имиджін халықаралық аренада кеңейтті.

 

«Биыл «Мәдениет саласының үздігі» атағын алған Абсалық Салықтың 70 жылдығына арналған шығармашылық кеші өтті. Целиноград, Бұланды, Ақкөл аудандары 2024 жылдың мерейтой иелері Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы, Балуан Шолақтың 160 жылдығы және Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған киіз үйлерде арнайы көрмелер ұйымдастырып, көрермен қауымына құнды жәдігерлерді ұсынды. Сандықтау ауданымен бой тіккен арнайы киіз үйде ҚР Суретшілер одағының мүшесі Владимир Быстрицкийдің көрмесі өтті», – деп толықтырды мәдениет басшысы.

 

Ақмола облысының мәдениет басқармасының басшысы өз баяндамасында аймақтың мәдени өмірін дамытудың маңызды бағыты ретінде шығармашылық ұжымдар мен жастардың белсенді қатысуын атап өтті.

 

«Ақпан айында облыстық «Көкшетау» мәдениет сарайының ұйымдастыруымен Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығына және Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арналған «Жас батыр – 2024» облыстық ер балалар байқауы өтті. Болашақта біз осындай мәдени шараларды дәстүрге айналдырып, жастарды ұлттық өнер мен мәдениеттің асыл мұрасымен таныстыруды жалғастырамыз», – деді түйіндеді Айгүл Сәбитова.

 

Сондай ақ 5 шілде Ұлттық домбыра күні , «Оқжетпес» стадионында 2500-ге жуық домбырашылар бір мезетте Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» күйлерін орындаудан флешмоб өтті. Қазақ тарихының өнер әлемінде танымал Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Махамбет, Дина, Сүгір, Қазанғап сынды күй қырандарының жолын ұстанған ұрпақтар, күй өнерінің дарабоздары, күйші-домбырашылар күні бүгін де ғасырдан ғасырға ұласқан бабалар дәстүрін жалғастыруда.

 

Жыл соңына дейін тағы да бірқатар маңызды мәдени шаралар жоспарланған, соның ішінде Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Сәкен Жүнісовтың 90 жылдығына орай конференция залы мен Төлеген Қажыбай атындағы кабинеттің ашылуы қарастырылған.

 

Ақмола облысының мәдени өміріндегі атқарылған ауқымды жұмыстар мен өткізілген шаралар өңірдің рухани дамуына қосылған қомақты үлес болып табылады.

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button