«WorldSkills Kazakhstan-2024»: Ақмола командасы 2 алтын, 1 күміс және 4 қола жеңіп алды
2024 жылғы 14-16 қараша аралығында елордадағы «ЭКСПО» орталығында өткен жұмысшы мамандықтары бойынша «WorldSkills Kazakhstan-2024» ұлттық чемпионаты Ақмола облысы командасы үшін сәтті аяқталды. Көкшетау қаласындағы Жоғары техникалық колледжде жеңімпаздар өз әсерлерімен бөлісті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
«WorldSkills Kazakhstan-2024» жұмысшы кәсіптерінің ІХ чемпионатында еліміздегі колледждердің 32 студенті 30 құзыреттілік бойынша өзара жарысты.
«Балаларды даярлау 1 қыркүйектен бастап колледждердің құзырет орталықтарының базаларында жүргізілді. Бұл дайындық өз жемісін берді-Ақмола командасы 2 алтын, 1 күміс және 4 қола жеңіп алды», — деп атап өтті Жоғары техникалық колледж басшысының кәсіптік оқыту жөніндегі орынбасары Нартай Ибраев.
Жеңімпаздар қатарында Көкшетау қаласындағы Жоғары техникалық колледждің өкілдері Әділет Қожахмет пен Сергей Мацигора болды. Олар «Мобильді робототехника» құзыреттілігі бойынша жеңіске жетті. Сонымен қатар, Степногорск қаласындағы Жоғары колледж студенті Меруерт Хамзина «Визуалды мерчендайзинг және витринистика» құзыреттілігінде жеңімпаз атанды.
Екінші орынды Көкшетау қаласының ЖТК студенті Ілияс Гатин «Мобильді қосымшаларды әзірлеу» құзыретіне алды.
Шағалалы ауылының жоғары агротехникалық колледжінің студенті Еламан Қабибола – «өнеркәсіптік автоматика», Щучинск қаласының ЖТК студенті Каролина Беленец – «Кондитерлік іс», Көкшетау қаласының ЖТК студенті Нина Червоняк – «кескіндеме және сәндік жұмыстар» қола жүлдегер атанды. Сондай – ақ, үшінші орынды «Мехатроника» — Көкшетау қаласының ЖТК студенттері Артур Абраев пен Олег Дьяченко иеленді.
«Бұдан бөлек, қатысушыларымыз 11 шеберлік медалімен марапатталды. Бұл марапат халықаралық стандарттарға сай деңгейге жеткенімен, аздаған ұпайлармен жүлделі орынға іліге алмаған мамандарға беріледі», – деп қосты Нартай Ыбраев.
Әділет Қожахмет пен Сергей Мацигора жарыста робот-сұрыптаушы мен камера көмегімен объектіні анықтайтын vision-модульді жасап шықты.
«Роботты медицина саласында, дәрі-дәрмектерді палаталарға таратуда пайдалануға болады. Ал модуль зауыттарда процестерді автоматтандыру үшін қолданылады. Ол адамның көзі шала алмайтын ақауларды анықтай алады немесе конвейерде заттардың санын есептеп, олардың түрін ажырата алады. Жалпы, жарысқа қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Үш күн өте қызықты өтті, ұйымдастыру деңгейі жоғары болды. Бізді қолдап, көмектескен сарапшыларымызға алғысымызды білдіреміз», – деп бөлісті жеңімпаздар.
Жарысқа қатысқан IT бағытындағы арнайы пәндер оқытушысы, «мобильді робототехника» құзыреттілігінің компатриоты Рүстем Ковалев те шарада болды.
«Біз команда дайындығын қаңтар айында бастадық. Біздің еңбегіміз ақталды: алдымен біз өңірлік кезеңде жеңімпаз атандық, содан кейін ұлттық чемпионатта алтын алдық», – деп атап өтті сарапшы.
Айта кетейік, 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бүгінде облыстағы 29 колледжде жұмысшы мамандықтары бойынша 5,5 мыңнан астам студент білім алуда. Орта буын мамандары мен қолданбалы бакалавриат бойынша шамамен 14 мың студент оқиды, бұл бағыттарда да жұмысшы біліктіліктерді меңгеру қарастырылған.
Колледждердің білім беру бағдарламалары WorldSkills стандарттары мен кәсіби стандарттарға сәйкестендірілген. Сонымен бірге, жұмыс берушілер чемпионаттарға тәуелсіз сарапшылар ретінде белсенді қатысады. Осындай әріптестік формалары өндірістерге түлектерді оқу кезеңінде-ақ қайта даярлаусыз бейімдеуге мүмкіндік береді.
2015 жылдан бастап облыс колледждерінің студенттері 35 алтын, 21 күміс, 30 қола медаль мен 57 шеберлік медалін жеңіп алған