Заң және Қоғам

БИЫЛҒЫ КҮЗДІҢ ҚАРБАЛАСЫ АУЫР

Егін орағы 2023

Биылғы жылдың орақ науқаны аса қиын жағдайда жүріп жатыр. Қыркүйек аының басынан басталған жауын-шашын алқаптардағы жұмыстарға кедергі келтіруде. Диқандар да қауырт қимылдарға көше алмай отыр. Сондықтан өңіріміздің аграршылары мен мамандары мол өнімнен қағыламыз ба деп алаңдаулы.

Таяуда Целиноград аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің жетекшісі Дулатов Нұрлан  Серікқазыұлына жолығып, науқанның  бүгінгі барысы  туралы білген едік

   — Нұрлан   Серікқазыұлы,  биылғы  жылғы егін орағының күрделі жағдайда  өтіп  жатқандығы белгілі. Қазіргі ахуалға қысқаша тоқталсаңыз.  Аудан бойынша  қанша гектардың егінін жинау керек? Шығымдылығы қандай?

— Науқанның барысы көңіл көншітерлік емес. Жалпы алғанда Целиноград ауданының диқандары алдында  268,1 мың  гектар алқаптың егінін жинау міндеті тұр.  Оның ішінде 229,2 мың гектары   дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. 185,5 мың гектары бидайдың үлесінде.  35,6 мың гектарға арпа, 5,4 мың гектарға сұлы егілген. Дәнді-бұршақты дақылдар — 2,2 мың гектар жерді алып жатыр. Сондай-ақ, 10,5 мың гектар жер біржылдық екпе шөпке бөлінген.  583 мың гектарға көпжылдық шөп,  2,8 мың гектарға жүгері сүрлемі, 20 мың гектарға майлы дақылдар, 277 гектарға картоп,  58 гектарға көкөніс отырғызылған.

Бүгінгі таңда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды деп айтуға болады.  229,2  мың гектар дәнді дақыл алқабының   78,7 гектарының егіні бастырылды,  бұл барлық алқаптың 34,6 пайыздайы.  Жалпы алғанда  жиналған өнім 39,9 тоннаны құрайды. Гектар өнімділігі  5 центнерден айналуда.

— Жанар-жағармай, техника жағынан тапшылық  жоқ па?

— Ағымдағы жылдың егіс науқанына 627 шынжыр табанды және доңғалақты трактор, 743-тен астам түрлі маркалы себу агрегаттары қатыстырылған.  Оның  89 бірлігі  өнімділігі жоғары  шетелдік техникалар.  Сондай-ақ, сәйкесінше 94 доңғалақты трактор және 118 автопойыз   дән тасымалдауда.

Мемлекеттік қолдау есебінен инвестициялық субсидиялау және техника лизингі бойынша  сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау ретінде 2023 жылы жалпы сомасы 770,2 миллион  теңгеге 13 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

  — Түз тағысы киіктерден келіп жатқан залал да аз емес. Бүгінге дейін қанша жердің   егіні бүлінді?

— Аудан бойынша киіктерден және  құрғақшылық пен бұршақтың салдарынан келген залал 3620 гектарды құрап отыр.  Оның ішінде киіктер табынынан  келген залал  300 гектар, құрғақшылықтан 631 гектар, нөсер бұршақ салдарынан 1979 гектар алқап бүлінді. Бірақ түз тағысына қылар қайран жоқ.

     — Биылғы астықтың сапасы қандай болмақ?  Жарамсыз болған төменгі класты бидайды қалай кәдеге жаратасыздар?

—  Қолайсыз табиғи-климаттық жағдайларға байланысты  жарамсыз болған төменгі класты бидай мал азығына жаратылады. Сондықтан алқапта ештеңе қалмайды, бәрін жинап аламыз.

— Егін орағын  ойдағыдай аяқтауға мүмкіндік бар ма? Маман ретінде не айтар едіңіз, өнімнің сапасы қандай болмақ?

— Алқаптарды тексеру нәтижесінде жұмыс тобы дәнді дақылдарды жинау алаңында астықтың тамырға өніп шығуының көрінісін  анықтады, бұл  әрине бидайдың  сапасына кері әсер ететіні сөзсіз. Дегенмен, ауа райы тұрақталса, әлі де оң нәтиже болады деген үміттеміз.

Сұхбаттасқан: Т.ТІНӘЛІ.

 

 

 

 

 

 

 

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button