Президенттікке кандидат Тоқаевтың 227 қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды
Бұл туралы Халықтық коалицияның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық қабылдау бөлмелерінде сайлаушылардың ұсыныстары мен тілектері қабылданады. Алғашқы күні қазақстандықтардың 100-ден астам өтініші келіп түсті.
Қоғамдық қабылдау бөлмелері өз жұмысын бастады. Мұнда біз сенім өкілдермен кездесулер өткіземіз, азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін қабылдаймыз. Сондай-ақ, мобильді формат болады. Яғни, адамдармен кездесу үшін өңірлерге өзіміз барамыз. Ең шалғай елді мекендер қамтылады, – деп атап өтті ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы Әлия Садырбаева.
Кандидаттың 4 мың сенімді өкілі 21 қазан мен 18 қараша аралығында қабылдау жүргізіп, сайлаушылардың ұсыныстары мен тілектерін жинайды.
Азаматтарды қабылдау жұмыс күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жүргізіледі.
Әуесбаев Шахтинск қаласында кітапхана қызметкерлерімен кездесті
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан ҚР президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев Қарағанды облысы Шахтинск қаласының кітапханасының ұжымымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында Президенттікке үміткер ЖСДП және партия жүргізіп жатқан жұмыс жөнінде бөлісті. Әлемнің көптеген елдері қазірдің өзінде социал-демократияға көшкен. Бұл идеология кедейлікпен күресетін, адамдарға өмір сүру үшін тең мүмкіндіктер ұсынатын, мемлекетті негізгі тәуекелдерден қорғауды қамтамасыз ететін әділ әлеуметтік мемлекет құруға бағытталғанын атап өтті.
Нұрлан Әуесбаев жиналған қауымды олигархиялық экономикадан бас тарту, тегін медицина және білім беру, әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын арттыру, парламенттік-президенттік басқару нысанына көшу секілді өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарымен таныстырды.
Үміткер атап өткендей, бүгінде ел алдында тұрған басым міндеттердің бірі – сыбайлас жемқорлықты жою.
Салтанат Тұрсынбекова Астанада алғашқы үгіт-насихат плакатын ілді
Құқық қорғаушының өзі Астана көшелеріне алдағы сайлауда өзіне дауыс беруге шақыратын алғашқы плакатын ілуге шықты. Осылайша елордада және еліміздің аймақтарында штаб командасы іске кірісіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Штаб қызметкерлері мен волонтерлер азаматтар арасында баннерлер, плакаттар іліп, парақшалар таратуда.
Волонтерлер қызығушылық танытқан азаматтарға Салтанат Тұрсынбекованың сайлауалды бағдарламасын жан-жақты түсіндіріп, оның жетістіктері мен жоспарлары туралы айтып береді.
Елордада және еліміздің өңірлерінде кандидаттың штабы ресми түрде ашылды.
Бұған дейін қызметкерлер Орталық сайлау комиссиясында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу бойынша арнайы семинарға қатысқан болатын.
Баспа өнімдері тек арнайы бөлінген орындарға орналастырылады.
Салтанат Тұрсынбекова әлеуметтік желідегі парақшасында бүгін ұжым алғашқы сапарына өңірлерге, оның ішінде, Ақмола облысына аттануды жоспарлағанын хабарлады.
ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбденнің сайлау алды штабы Қоянды ауылының тұрғындарымен кездесті
Қарақат Әбденнің сайлау алды штабы белсенді насихат жұмыстарын бастап кетті.
22 қазан күні штабтың үгіт-насихат тобы Ақмола облысының Қосшы қаласының Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесуге келгендерді үміткердің сайлау алды платформасының басты бағыттарымен таныстырды. Қ. Әбден өз бағдарламасының әрбір қазақстандықтың өміріне қалай әсер ететінін әңгімелеп берді. Кездесу барысында сайлаушылар белсенділік танытып, түрлі сұрақтар қойып, мәселе көтерді. Сұрақтардың дені әлеумет, инфрақұрылым, баспананы жақсарту туралы болды.
«Бүгін бізге Прездиенттіктен үміткер Қарақат Әбден келіп, өз бағдарламасының мәнін түсіндіріп берді. Өзім қаламыздың инфрақұрылымын дамытуға байланысты бірнеше сұрақтар қойдым» — дейді Қосшы тұрғыны Әлия Бекенова.
Қосшы экономикасы дәстүрлі түрде Астанамен тығыз байланысты. Бұл қалаға да Қазақстанның басқа агломерациялары сияқты – халық санының өсуіне сай проблемалар тән.
ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен өзінің үгіт-насихат жұмыстарын бастады
22 қазанда Павлодар облысына барып, кәсіподақ өкілдерімен, жастар және еңбек азаматтарымен кездесті.
Жиында өңір бойынша жұмысқа тұру, тұрғын-үй, еңбек ақы мәселелердің шешу жолдарын ұсынды. Мемлекет әрбір отбасыға жағдай жасауы қажет екенін айтты.
«Аймақтарда азаматтар үлкен қалалардағы мамандарға қарағанда аз жалақы алады. Ұлттық еңбекақы жүйесін біріздендірудің уақыты келді. Нақты реформа арқылы бірыңғай стандартқа енгізу қажет», — деді кандидат.
М.Қажыкен әр адамның қабілеттерін дамытуға және оны өмірдің барлық саласында жүзеге асыруға қажетті жағдайлар мен ресурстар болатындай мемлекет құруға ұмтылатынын атап өтті.
«Мен өзімнің сайлауалды бағдарламамдағы басты міндеттердің бірі -әлеуметтік қорғаудың тең деңгейін қоямын. Кедейлік табалдырығында тұрған отбасыларға, ерекше қабілеті бар адамдарға көмектесуге ерекше көңіл бөлгім келеді – оларға кәсіби іске асыру үшін барлық жағдай жасалуы қажет», – деді М.Қажыкен.
Семейде Жигули Дайрабаевтың өңірлік штабы ашылды
Семейде «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан ҚР Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевтың өңірлік штабы ресми түрде ашылды.
«Бір айға жуық уақытқа созылатын үгіт-насихат науқаны басталды. Бұл өте маңызды оқиға. Біз үшін жемісті жұмыс», – деді «Ауыл» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы С. Байғалиев.
«Өңірлік штаб құрамында 13 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ барлық ауданда 5 белсендіден 8 штаб ұйымдастырылды. Өңірдің қоғамдық штабында барлығы 53 адам жұмыс істейді. Алдыңғы сайлаумен салыстырғанда дайындық қарқыны екі есе өсті. Біздің қоғамдық штабтар үгіт-насихат жұмыстарына қажетті барлық заттармен қамтамасыз етілген. Олардың әрқайсысының өз кеңсесі, көлігі, кеңсе техникасы, партия атрибутикасы және үгіт барысында пайдаланылатын материалдары бар», – деп бөлісті «Ауыл» партиясы Жастар қанатының төрағасы А. К. Қайратова.
Жигули Дайрабаевтың 222 штабы 164 ауылдық ауданда және 37 облыстық деңгейдегі қалада жұмыс істейді.